Бабалар аманаты
Ата-бабаларымыздың ұғымында адамдардың жұлдыздары әр алуан, бірінікі біріне ұқсамайды. Кейбір жұлдыздар – топырақ, кейбірі – су, енді бірі – от, тағы бірі – ауа, жел сипаттас болып келеді. Бұл адамның мінезін, арадағы қарым-қатынасын белгілейді. Мысалы, жұлдызы су текті адам жұлдызы от текті адаммен жараса алмайды. Бір-бірімен тіл табыса алмайтындарды «жұлдызы жараспады» деп, өмірі өш болып жүретіндерді «бұлардың жұлдызы қарсы» дейтіні осы жұлдыздарға байланысты түсініктерден шыққан. Адам тағдырын жұлдызбен болжап айту, көріп-келдік жасау Шығыс әлемінде баяғыдан бар. Жерді анаға теңеген халқымыз суды да ертеде «Су-ана» деп қастерлеген. Анасыз адамның өмірге келмейтіні секілді, су жоқ болса, өмір сүру де жоқ. Қазақ ұғымында суға жуынды төгу, дәрет сындыру қылмыс, күнә саналады. Су таза. Оның тазалығын сақтау өмір-тіршілікті сақтау екенін бұрынғы замандарда өткен ата-бабалар жақсы түсініп, бізге өсиет еткен. «Таза болсаң судай бол, бәрін жуып кетірген», «Сулы жер – нулы жер», «Бұлақты жер – құрақты жер», «Толысып аққан дария – мейірбанды қария», «Жылай-жылай құдық қазсаң, күле-күле су ішерсің» деген мақалдар бар. «Су ішкен құдығыңа түкірме» деп тыйым айтады. «Сумен ойнама, батарсың», – деп сақтандырады. «Тау мен тасты су бұзар», – деп судың ғаламат күшін ұқтырады. Шошынып ауырған адамды сумен ұшықтап емдейді. Бұл күні бүгінге дейін ел ішінде жалғасып, өз пайдасын көрсетіп келеді. «Сулы жер құрақсыз болмас, таулы жер бұлақсыз болмас», – деп су бар жерде сұлулық, тіршілік бар екенін түсіндіреді. Суды қадірлеп, бағаламаған ел апатқа, азапқа ұшырайтынын тіршілік тәжірибелері адамға көрсетіп-ақ келеді. «Судың да сұрауы бар», «Аққан судың да тоқтауы бар» деп халық көрегенділікпен айтқан.
(З. Ахметова)