ЖИЫРМА ЖЫЛ КҮТКЕН ЖЕҢІС

   «Бокс» деген сөзді естігенде ойыңа қандай ұғымдар келеді? Бұл спорт түрінің ерекшелігі неде? Әлемдік, қазақстандық боксшылар туралы айтып бере аласың ба?

1-тапсырма. Мәтінді тыңда. Атақты боксшының өміріндегі ерекше оқиғаларды сипаттап, пікір алмасыңдар.

2-тапсырма. Берілген етістіктерден өздік етіс жасап, спорт тақырыбына қатысты сөйлем құрап жаз.

Ора, сұра, ойла, сүрт, лақтыр.

Білгенге маржан

   Серік Қонақбаев – боксшы. Бокстан Мәскеу олимпиадасының күміс жүлдегері, екі дүркін әлем Кубогінің иегері, екі дүркін Еуропа чемпионы, КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері.

3-тапсырма. Мәтіндерді салыстыра оқы.

   Бекзат Саттарханов 1980 жылы 4 сәуірде Түркістан қаласында қарапайым отбасында дүниеге келген. 1995 жылы алғаш рет бокс үйірмесіне жазылады. Осы жылы он бес жасында Түркістан қаласында өткен З. Сейітбековті еске алу турнирінде тұңғыш рет топ жарады. 1996 жылы Қостанай қаласында өткен бокстан жастар арасындағы Қазақстан Республикасының ішкі біріншілігінде чемпион атанады. 1998 жыл Бекзат үшін табысты болды. Сол жылы Аргентинада өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанды. 1999 жылы Венгрия және Болгарияда өткен халықаралық турнирлерде жеңіске жетіп, Ташкентте өткен бүкіл Азия біріншілігінде күміс жүлдеге қол жеткізеді. Дәл осы күміс жүлдесімен бірге Сидней Олимпиадасының жолдамасына да ие болады. Бекзат үшін 2000 жылғы Сидней Олимпиадасының алатын орны ерекше болды.
   Сидней финалындағы Бекзаттың қарсыласы әлем чемпионы, америкалық Рикардо Хуарес еді. Қарсыласын Бекзат Саттарханов 22–14 есебімен жеңіп, Сидней Олимпиадасының чемпионы атанды.

   Сиднейдің шаршы алаңы шаттықтан тербеліп тұр. Шіркін-ай! Жер түбінен барған ат төбеліндей қазақ жанкүйерлері көк байрақты армансыз желпиді. Сан мың жанардан «Ойпырым-ай, мұндай жауынгер халық аяқ астынан қайдан пайда болды?» деген таңданыс ұшқынын аңғарғандаймыз. «Міне, Қазақ деген біз боламыз!» дейміз көк байрақты кере түсіп. Пай! Пай! «Азияның ұлы даласын еркін жайлаған ұлы бабалардың ұрпағымыз!» деген мақтаныш сезімі көкіректі кернеп, тұла бойды дуылдатып әкетіп барады. Төрткүл дүние қазақтың жеңісіне қол соғып тұр!.. Әлгінде ғана Американың аруағын асырамын деп, ринг төсін майдан қылған әлем чемпионы Рикардо Хуарес күміс белесті олқысынып, көз жасын тыя алмай тұр. Айналайын, Рикардо! Жылама! Сенің елің «алтынға» кенде емес. Дәл бүгін құдіреті күшті жаратушы иеміз бізді, алаш жұртын қолдады. Бекзат – алаштың арманынан туған ұл. Ондай ұлдан ұтылдым деп, қамықпа. Жылама!

(«Спорт саңлақтары» кітабынан)

• Бекзат Саттархановтың спорттағы басты жетістіктері туралы айтып бер.
• Оның бокс өнеріне қосқан үлесі қандай деп ойлайсың?

4-тапсырма. Мәтіндердің стилін анықта. Ойыңды дәлелде.

5-тапсырма. Мәтіннен ауызекі сөйлеу тілінің элементтері қолданылған сөйлемдерді көшіріп жаз.

6-тапсырма. Қажетті етістіктерді мағынасына қарай сәйкестендіріп, сөйлемді аяқтап жаз. Етіс түрлерін анықта.

Жарыстарда әйгілі мықтылармен …
Ринг алаңында қалуын …
Жастарға арнап ауылда спорт мектебін …
Сидней олимпиадасының чемпионы …
Бокста дүниежүзін …
Еліміздің көк туын әлемдік жарыстарда …
Жеңіс туын олжалағанына …
Алтын жүлде қанжығасына…

Қажетті етістіктер: байланды, желбіретті, жұдырықтастырды, атанды, қуанды, бағындырды, салдырды, өтінді.

7-тапсырма. «Қазақстандық боксшылар – олипиада жеңімпаздары» тақырыбында таныстырылым жаса. Ойыңды екпін түрлерін қолданып тұжырымды, сенімді жеткіз. Өз сөзіңде етістіктің мағыналық түрлерін тиімді қолдан.

Ермахан
Ыбрайымов
2000 ж.
Сидней

Бақыт
Сәрсекбаев
2008 ж.
Бейжің

Серік
Сәпиев
2012 ж.
Лондон

Бақтияр
Артаев
2004 ж.
Афины

8-тапсырма. Өлеңді мәнерлеп оқы. Өзгелік етіс қосымшасы жалғанған етістікті тап. Өлең жолдарында қолданылған басқа етістіктердің де түбірін анықтап, өзгелік етіс қосымшасын жалғап жаз.

Денсаулыққа пайдалы
Секірген әрі жүгірген.
Жаттықтырған адамды
Хоккей менен волейбол.
Допты теуіп қақпаға,

Ойнаймыз біз футбол.
Шаңғы, коньки, шанамен
Биік таудан асамыз.
Бокс пенен күресте,
Алтын, күміс аламыз.

(«Айгөлек» журналынан)

9-тапсырма. Өз ойыңды екі жұлдыз, бір тілекпен білдір.

×
×

Корзина