Қос олимпиадаға қатысқан тұңғыш қазақ конькишісі
Қазақ топырағы қашанда дарындарға кенде болған емес. Солардың ішінде қаракөз қазақ қыздарының орны бөлек. Коньки спортынан еліміздің намысын қорғаған Кенжеш Сәрсекенова 1992–1999 жылдар аралығында ұлттық құрама команда сапындағы жалғыз қазақ қызы болды. Кенжеш Сәрсекенова – Қазақстанның 5 дүркін чемпионы.
Атам қазақ жылқы және аң терісінен шаңғы жасап, қатынас құралы ретінде пайдаланған. Ал аяғына коньки байлап, мұзайдынында додаға түскен адамдарды қазақ тарихынан оқыған жоқпыз. Кеңес өкіметі тұсында да қазақ конькишілерінің аты шыға қойған жоқ. Кенжеш Сәрсекенова туған жері Шығыс Қазақстан өңірінен 1985 жылы Алматыға келіп, әркім бағындыра алмайтын конькиге құрық тастап, асау спорттың жалына қол салыпты. Аз жылдың ішінде айдын төсіне бауырын төсей қалықтап, жұлдыздай аққан аруымыз қазақ қыздарының да коньки теуіп, ел намысын байрақты бәсекелерде қорғай алатындығын дәлелдеді. Ол – коньки тебу спортынан қазақ қыздарынан шыққан тұңғыш спорт шебері, Қазақстанның бірнеше дүркін жеңімпазы, жұмыр жердің небір жүйріктерімен сынға түскен саңлақ, конькиден екі бірдей Олимпиадада бақ сынаған тұңғыш қазақ қызы.
(«Қазақ олимпиадашылары» кітабынан)