ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ КІТАПХАНАЛАР

1. Біздің елімізде қандай кітапханалар бар?
2. Өзің қай кітапхананың оқырманысың?
3. Балаларға арналған кітапханаларға бардың ба?
4. Онда қандай талаптар бар?
5. Өзіңнің жеке кітапханаң бар ма?

1-тапсырма. Мәтінді тыңдап, сұрақтарға жауап бер.

1. Мәтіндегі негізгі ойды анықта.
2. Қазақстанда тағы қандай шағын кітап бар еді? Екеуін салыстыр.
3. Кітаптардың кішкентай болу себебі неде?

2-тапсырма. Төмендегі жауаптарға сұрақ қойып, жұпта/топта диалог құрыңдар. Сұрақтарыңды дәптерге жазып, сұрау есімдіктерін ажырат.

Сұрақ:
Жауап: Бүгінде С. Бегалин атындағы Мемлекеттік балалар кітапханасы – ең ірі балалар кітапханасы.

Сұрақ:
Жауап: С. Бегалин атындағы Республикалық мемлекеттік балалар кітапханасы 1951 жылы мамырдың 10-ында құрылды. Кітапхана Кеңес Одағындағы алғашқы республикалық балалар кітапханасы болып саналды.

Сұрақ:
Жауап: Кітапхана Алматы қаласында Төле би көшесі 27-үйде орналасқан.

Сұрақ:
Жауап: Кітапханада: абонемент, бөбектерге арналған оқу залы, 5-сынып оқушыларына арналған абонемент, жоғары сынып оқушыларына арналған оқу залы, өнер әдебиетінің бөлімі, ақпарат-библиографиялық бөлімі, даму және жаңа технологияларды енгізу бөлімі, ұйымдастыру-әдістемелік кітап қорын сақтау, кітап қорын толықтыру және өңдеу бөлімі деп аталатын 11 бөлім бар.

Сұрақ:
Жауап: Кітапхана директорының айтуынша, қазір балалардың кітапқа деген қызығушылығы артып, келушілердің саны көбейген.

3-тапсырма. Сөйлемдердегі күшейткіш үстеулерді теріп жаз.

1. Үйдегілердің бәрі: апам, Айна, інім бәрі маған ылғи қамқорлығын көрсетіп жүреді. 2. Ол ойланып барып былай деді: «Биыл тым асығыстау емес пе? Келесі жылы барайық». 3. Адамға ең ыстық туған жер ғой, шіркін! 4. Сол жылы қызылшадан өте көп өнім алдық. 5. Жарықтық өзі әбден титықтап шаршаған екен. 6. Тіпті маған мойнын бұрар емес, қатты өкпелепті.

4-тапсырма. Мәтінді мәнерлеп оқы.

Ғылыми кітапханалар

   Қазақстан Республикасы Ғылыми кітапханасы 1932 жылы КСРО Ғылым академиясының Қазақстандағы бөлімі негізінде құрылған. Кітапханада 6 оқырман залы жұмыс істейді, ғалымдарға, ғылыми қызметкерлерге, ЖОО оқытушыларына, мамандарға, магистранттарға, студенттерге және т.б. оқырмандарға қызмет көрсетіледі. Кітапхана қоры ұлттық және шетел басылымдарының, Қазақстан ғалымдарының жеке кітапханаларының бай топтамаларынан тұрады. Қордың көлемі 5,0 млн-нан астам кітапты құрайды.
   Ғылыми кітапхана автоматтандырылған ақпараттық кітапханалық жүйе (ААКЖ) бағдарламасымен жұмыс істейді. Ғылыми кітапхана өзінің сандық кітапхана үлгісін жасаушы болып табылады, онда 1 мыңнан астам сирек, бірегей басылым атаулары, 40 жеке дерекқоры, Қазақстан ғалымдары еңбектерінің электрондық топтамалары бар.
   Еліміздегі ірі кітапхананың бірі – Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы. Ол 1910 жылы 31 желтоқсанда құрылды. Ағарту саласы жанашырлары қоғамының қаражаттарына Верный қалалық думасы Л.Н. Толстой атындағы кітапхана-оқу залын ашу туралы шешім шығарды. Кітапхана 1931 жылы Республикалық кітап қоймасы мәртебесін алды. 1991 жылы Ұлттық кітапхана болып аталды. Қор жыл сайын 100 мың данаға толықтырылып отырады. Күн сайын кітапханаға 3 мыңға жуық оқырман келеді.

(ҚР Ғылыми энциклопедиясы)

5-тапсырма. Мәтін бойынша ойыңда не сақталып қалды? Кітапхана туралы қандай мәліметтер әсер қалдырды? Ғылыми кітапхананың басты ерекшелігі неде деп ойлайсың? Ғылыми кітапханада қандай бағдарламалар бар екен? Сандық кітапхана дегенді қалай түсінесің? Ұлттық кітапхананың ерекшелігі неде?

6-тапсырма. «Әлемдегі және еліміздегі кітапханалар» тақырыбында күшейткіш үстеулерді қатыстыра отырып таныстырылым жаса. Өз сөзіңде кітапханалардың ерекшеліктері мен ұқсастықтарына тоқтал.

7-тапсырма. Оқылым мәтіні бойынша тұжырымдарыңды төмендегі кестеге салып жүйеле.

8-тапсырма. Төмендегі мәтінді оқы. Орфографиялық, пунктуациялық қателерді анықтап, түзетіп жаз.

   Білім ғылым үйренбекке талап қылушыларға әуел білім керек. Талаптың өзінін біраз шарттары бар. Оларды білмек керек. Оларды білмей іздегенмен табылмас.
   … Адам көнілі шын меиірленсе, білім ғылымның өзі де мейірленеді, тезірек қолға түседі. Шала мейір шала байқайды.
   … Ғылымды үйренгенде ақыйқат мақсатпен білмек үшін үйренбек керек..
   … Ғылымды ақылды сақтайтұғын мінез деген сауыты бар. Сол мінез бұзылмасын! Көрсе қызарлықпен жеңілдікпен я біреудің орынсыз сөзіне я бір кез келген қызыққа шайқалып қала берсен мінездін беріктігі бұзылады.

(Абай «Отыз екінші сөз»)

9-тапсырма. Сөйлемдердің тыныс белгілерін түзетіп жаз.

1. Қарт күрсінді: – Ұлым желік қуыпсың! 2. Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат нұрлы ақыл жылы жүрек. 3. Көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысатын үшеуі: Айжан Гүлнұр Болат. 4. Бәріне: ауыл адамдарына мектеп оқушыларына қонақтарға сый берілмек. 5. Мені көріп қалған жерде: – Нәзира айналайын сен біздің үйге неге келмейтін болып кеттің? Үйге жүр деп, үйіне ертіп әкелді. 6. «Орамал тон болмайды жол болады» дейді қазақ… 7. Оқып білім ал бөбек!

10-тапсырма. Күшейткіш үстеулерді қолдана отырып, «Ғылыми кітапхана» тақырыбына 5 сөйлем құрап жаз.

11-тапсырма. Тілдік бағдардағы күшейткіш үстеулерді қолданып, «Мен оқыған кітап» тақырыбында шағын мәтін жаз.

12-тапсырма. «Төрт сөйлем» тәсілін пайдалана отырып, сабақ бойынша түсінгеніңді жаз.

Пікір. Оқыған мәтін бойынша өз пікіріңді бір сөйлеммен жаз.
Дәлел. Өз пікіріңді бір сөйлеммен дәлелде.
Мысал. Пікіріңді өмірмен байланыстырып, бір мысал келтір.
Қорытынды. Тақырып бойынша қорытынды жаз.

×
×

Корзина