6.10. Өткен шақ

Өткен шақ

Өткен шақ

Мәтінді тыңда.
Ақиқатқа айналған арман
Біздің бала кезімізде екінің бірі ғарышкер болуды армандайтын. Жұлдыздарды жақыннан көріп, сол кезде беймәлім көрінген әлемге сапар шегу – көпшіліктің тілегі еді. Олардың арасында мен де бармын. Бірде әкем маған аспан әлемінің құпияға толы сырлары туралы жан-жақты әңгімелеп, артынша Ай, түрлі жұлдыздар, жалпы ғаламшардың суреттерін көрсетті. Сол кезде көңілімде оянған қызығушылығымды сөзбен жеткізу қиын. Сонда өзіме: «Өскенде қалай да ғарышкер боламын!» деп мақсат қойған едім.
Сол арманның жетегімен жоғары оқу орнында оқыдым, жатпай-тұрмай іздендім. Ғарышкер болу үшін алдымен, табиғаттан берілген мықты денсаулық керек. Сонан соң оқу- жаттығу жұмыстарын бір күнге де үзбеуге тиіссің. Таңғы сағат 9-дан кешкі сағат 6-ға дейінгі әр минут – жоспарланған
жаттығулар. Ол жерде сен спорт шеберіне қойылатын талаптарды орындайсың, талап күшті. Жоғарыда аталған екі нәрсе де менде болғандықтан шығар, 6 жылғы қызу дайындықтан кейін ақыры ғарышқа ұштым. Халықаралық экипаж құрамында болдым, менімен қосқанда 6 елдің өкілі ғарышқа ұшты. Бастан кешкен қызықтарымыз да, бір-бірімізден үйренгеніміз де көп. Бәріміз де ғарыштан түсірілген Жердің суретін талай көрдік. Жер жұп-жұмыр, дөңгелек екенін білеміз. Бірақ ғарышта барлығы басқаша екен. Көктен Жер алақандай көрінеді. Ол сондай нәзік, кішкентай, қорғансыз… Көзімнің жеткені – біз оны (Жерді) аялауымыз керек. Оның қадірін әлі де сезіне бермейтініміз рас. Ғарыштан Жерге түскен соң, өмірге, қоршаған ортаға деген көзқарасым түбегейлі өзгерді. Өзіміз мекендейтін ғаламшарды сақтай білуіміз керектігін жете түсінгендеймін. Өйткені біз – адамбыз.
Айдын Айымбетов