1.15. Адамзаттың дамуына климат қалай әсер етеді?

Адамзаттың дамуына климат қалай әсер етеді?

«Климат» гректің «клима» – көлбеу деген сөзінен шыққан. Климат күн сәулесінің Жер бетіне көлбеу түсуіне байланысты қалыптасады. Көлбеу түсетін сәулелерге қарағанда тік түсетін сәулелер ыстығырақ болады. Олар ауаны қыздыру арқылы Жер бетін жылдамырақ жылытады. Экваторға жақындаған сайын күн сәулесінің жер бетіне түсу бұрышы да ұлғаятын-
дықтан ауа температурасы да жоғарылай береді. Климат адамның сыртқы түріне ғана емес, оның кәсібіне, баспанасы мен өмір салтына да әсер етеді.
Адамзаттың тарихынан мысалдар қарастырайық. Жер бетінде алғашқы адамдар пайда болғанда климат жылы болған. Адамдар саналуан жеміс-жидектер өсетін ағаштардың ортасында тіршілік еткен. Жан-жануарлар да көп болған. Адамға жылы киім мен баспана қажет болмаған. Алайда ша-
мамен жүз мың жыл бұрын мұз басу дәуірі басталған. Солтүстіктен жылжыған алып мұз қабаты бүкіл жер бетін жапқан. Міне осы кезеңде адам баласы жан сақтаудың қамын жасаған.Шамамен 13 мың жылдай уақыт бұрын алып мұз қабаты еріген. Соған қарай адам баласы да табиғи ортадағы өзгерістерге бейімделіп өмір сүре бастады. Осыдан шамамен үш мың жылдай уақыт бұрын Ұлы Далада климат өзгеріп, құрғақшылық орнаған. Жауын-шашын азайып, күн ысыған. Бүгінде климаттың адамға тигізетін ықпалы ерте кездердегідей аса күшті емес. Дегенмен қазірдің өзінде адамның өмірі
көп жағдайда ауа райы мен климатқа тәуелді.