1.20. Катаклизм кезіндегі менің қауіпсіздігім

Қоршаған ортаға қамқорлықпен қараудың мәні

Катаклизмдердің көпшілігі табиғи факторларға байланысты туындайды. Олардың көпшілігін алдын ала болжауға және күні бұрын дайындық жасауға болады. Су басуды сондай табиғат апаттарының санатына жатқызамыз. Әдетте мұндай табиғат апатына жауын-шашынның мол түсуі себеп болады. Егер жауын суы жерге сіңіп немесе ағып үлгермесе, сол маңайдағы алқаптардың бәрі суастында қалады. Кей жылдары көктемде күн ерте жылып кетеді. Міне сондай кездерде қыс бойы түскен қар жаппай ериді. Егерде қар қалың болса, үлкен аумақты су басу қаупі туындайды. Сондай кезде су қоймасы ернеуінен асуы мүмкін. Ондай жағдай алапат су тасқынына әкеліп соғады.
<em>СУ БАСУ ҚАУПІ ТӨНГЕНДЕ ҚАУІПСІЗ ЖЕРГЕ КӨШУДЕН БАС ТАРТПАҢДАР! ЕРЕЖЕНІ ЕСТЕ САҚТАҢДАР!</em>
Егер су басу қаупі төнсе, онда:
• өзіңмен бірге тамақ, су, жылы киім, жарықтандырғыш құралы, сіріңке, медициналық қорап, құтқаратын шеңбер, жіп, т.б. алу;
• жоғарғы қабатқа көтерілу немесе үйдің төбесіне шығу;
• құтқарушылар келгенше отырған жеріңде қалу;
• жалаудың, жарықтың көмегіне сүйеніп қай жерде қалғаныңды анықтайтын белгі беру.