Қазақстанның білім берудегі жетістігі

ХХ ғасырдың басында елімізде ересектер арасында сауатсыз адамдар өте көп болған. Сондықтан Кеңес өкіметі ересектер арасындағы сауатсыздықты жою мәселесін қолға алды. Сөйтіп, ауылдар мен қалаларда сауатсыздықты жою пункттері ашылды. Ауылға жаппай мәдени жорық жарияланды. «Қызыл киіз үйлер» ашылып, онда мыңдаған ересек адамдар білім алды. 1930 жылы барлық балаларға міндетті түрде бастауыш білім беру тәртібі енгізілді. Қазақ тіліндегі оқулықтар дайындалды. Қазақ тіліндегі алғашқы алгебра оқулығын Қаныш Сәтбаев, география оқулығын – Әлихан Бөкейханов жазды. 1928 жылы мұғалімдерді даярлайтын Қазақ мемлекеттік педагогикалық институты ашылды. Бірнеше жылдан кейін оған Абай Құнанбаевтың есімі берілді. 50-ші жылдары жалпыға ортақ сегіз жылдық білім, содан кейін – жалпыға ортақ онжылдық білім енгізілді. 80-ші жылдары еліміздегі орта мектептер 11 жылдық болды. Мектептерде еңбекке тәрбиелеу ісіне үлкен көңіл бөлінді. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда білім беру саласында көп жұмыстар атқарылды. 1991 жылдан бастап гимназиялар, лицейлер мен колледждер пайда болды. Облыс орталықтарында дарынды балаларға арналған мектеп-интернатта ашылды. Мектептер компьютерлермен жабдықталып, ғаламтор жүйесіне қосылды. 1993 жылы Президент Н.Ә. Назарбаев халықаралық «Болашақ» стипендиясын тағайындады. Соның нәтижесінде мыңдаған жас мамандар әлемдегі озық университеттерден білім алды. Республикамыздың өзінде зияткерлік мектептер жүйесі – НЗМ құрылып, аса жоғары деңгейдегі университеттер ашылды. Еліміздегі орта білім беру жүйесі өзгере бастады. Бүгінгі мектеп оқушыларды командада жұмыс істей білуге, өмірде кездесетін түрлі жағдайларда дұрыс шешім қабылдай білуге, үш тілде сөйлей білуге үйретеді. Қажетті ақпараттарды өзің іздеп, түрлі деректерден табуды үйренуің керек.