Тоқтар Әубәкіров – қазақтың тұңғыш ғарышкері

Тоқтар Әубәкіровтің өмірі – алдына мақсат қойған адамның қандай биіктерге жете алатындығының айқын үлгісі. Тоқтар бала кезінен ұшқыш болуды армандаған. Ол Талғат Бигелдинов пен Нұркен Әбдіровты үлгі тұтқан. Өзінің арманына жету үшін Тоқтар неге болса да дайын болған. Ол 15 жасында парашютшілер үйірмесіне жазылып, парашютпен секіруді үйренген. Ал 16 жасында Қарағандыдағы аэроклубқа барып, ұшқыштар үйірмесінде жаттыққан. 1965 жылдың маусымында алғаш рет ұшақты басқарып көкке көтерілген. Қатты қуанған ол: «Мен көкке ұштым – менің қанатым бар!» – деп айғайлаған екен. 1969 жылы ол Армавирдегі жоғары әскери авиация училищесін аяқтады. Содан 10 жыл өткенде Мәскеудегі авиация институтында оқып білім алды. Сөйтіп, сынақшы-ұшқыш болды. Ол көптеген ұшақтарды сынақтан өткізді. Жылдамдығы дыбыстан асатын ұшақтарды да басқарды. Тоқтар әлемдегі ең үздік сынақшы-ұшқыштардың ондығына қосылды. 1991 жылы Юрий Гагарин атындағы ғарышкерлерді дайындайтын орталықта жаттығулар өткізді. Тоқтар Әубәкіров 1991 жылдың 2 қазанында «Союз» ғарыш кемесі экипажының құрамында ғарышқа ұшты. Бұл кезде ол Кеңес Одағының Батыры атағының иегері болатын. Жаңа авиация техникаларын сынақтан өткізу барысында көрсеткен ерлігі үшін оған 1988 жылы осындай жоғары атақ берілген. Республикамыздағы Қызылорда облысының аумағында Байқоңыр ғарыш айлағы бар. Адам баласы ғарышқа алғаш рет осы жерден ұшқан. Ғарыш кемелері мен жасанды Жер серіктері де осы айлақтан ғарышқа көтеріледі. Ғарышты игеру еліміздің дамуы үшін аса маңызды. Ол Қазақстанның әлемдегі ғарыш державаларының қатарына қосылуына жол ашады.