1.26. Қазақстанның әлемдік аренадағы рөлі

Қазақстанның әлемдік аренадағы рөлі

Қазақстан Ресеймен тығыз байланыстар орнатқан. Екі елдің тарихы да ортақ, шегаралас аумақтары да тым ауқымды (7,5 мың шақырымнан асады), оған қоса экономикалық және мәдени байланыстары жақсы дамыған.
1991 жылы КСРО ыдырағаннан кейін Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы қалыптасты. Қазақстан өзінің оңтүстіктегі жақын көршілері – Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстанмен, сондай-ақ ТМД-ның басқа да елдерімен іскерлік қарым-қатынастар орнатты. Қытаймен арада берік байланыстар орнай бастады. Қазақстанмен арадағы сауда саласында Қытай елі Ресейден кейінгі екінші орында. Қазақстан АҚШ, Франция, Германия тәрізді әлемдегі жетекші елдермен де жан-жақты байланыстар орнатқан. Қазақстанның әлемдік аренадағы рөлі күн өткен сайын өсіп келеді. Біздің еліміз 70 халықаралық ұйымдардың белсенді мүшесі болып саналады. 1992 жылғы 2 наурыздан бастап Қазақстан БҰҰ – Біріккен Ұлттар Ұйымына қабылданған. БҰҰ-ның құрамында 193 мүше-елдер бар. Біздің еліміздің ядролық қарусыз бейбіт өмірге деген ұмтылысын бүкіл әлем жоғары бағалайды. 2016 жылы Қазақстан Президенті Н.Ә. Назарбаев «Бейбітшілік. ХХІ ғасыр» Манифесін жариялады. Осы Манифесінде ол ядролық қару мен соғыстан бас тартуға шақырды. Президент Н.Ә. Назарбаевтың бастамасы бойынша 29 тамыз Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні деп жарияланды. Астанада «ЭКСПО-2017» көрмесін өткізудің өзі Қазақстанның әлемдік аренадағы беделінің арта түскенін аңғартады. Көрменің «Болашақ энергиясы» деген тақырыбының өзі өте маңызды. Ол желдің, күннің, су мен ғарыштың қуатын пайдалану мәселесіне қатысты. «ЭКСПО-2017» көрмесіне әлемнің жүзге тарта мемлекеттері мен 10-нан аса халықаралық ұйымдары қатысты.